Халқымның қадір қасиеті

Халқымның қадір қасиеті

Тәрбиеші балаларды жайлау көрінісіне «сақина салу» ойынын ойнауға шақырады.

Балалар шеңбер жасай отырып, ойнайды. Ойын ортасында Шабарман атпен шауып келеді.

Шабарман:  Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Көрші ауылда баланы қырқынан шығарып үлкен бесік тойы болайын деп жатыр. Тойдан құр қалмаңыздар!,-деп балаларды шақырады.

Балалар: Тойға барайық, тойға барайық, тойдан құр қалмайық.

Жайлау төріндегі киіз үй ішінде отырған әжесі мен келіні.

Әже: Келін шырағым,мына немерем Асылжанды бесікке салатын күнде келді. Бесік тойына үлкен ауылдан беделді әжейді,той сәнін келтіретін балаларды да шақырып қойғанмын. Қазір өздері де келіп қалар,сен бесіктің жабдықтарын даярлап қой.

Келіні: Иә, жарайды әже даярлап қояйын.

Осы кезде Тәрбиеші мен бірге балалар да кіреді.

  • Аманнсыздар ма! Бесік тойы құтты болсын! Немерелеріңіздің бауы берік болсын!

Балалар: Сәлеметсіздер ме әжелер!

Әже: Сәлеметсіңдер ме балақандарым төрлетіңдер,хош келдіңдер.

Тәрбиеші:  Балаларым ,келіңдер мына бесіктің жанына отырыңдар. Мынау бесік деп аталады. Бесікті таза ағаштан жасайды. Мен сендерге

Асылжан бөпені бесікке қалай бөлеу керек екенін көрсетейін. Сендер мұқият қарап отырыңдар. Бәрің де осы бесікте жатып,өскенсіңдер.

  • Ең алдымен бесіктегі баланың бас жағына жұмсақ жүннен жасалған жастық саламыз. Ал мынау бөпенің үстіне жамылатын көрпесі. Мынау белбеуі, бала құлап қалмас үшін белінен және аяқ тұсынан осы белбеумен байлап қояды.
  • Енді кішкентай бөпемізді шомылдырайық, айтыңдаршы шомылдыру үшін алдымен не керек?
  • Су керек.
  • Ал баланы шомылдыратын су қандай болу керек?
  • Жылы болу керек.
  • Таза жуындыру үшін тағы не керек?
  • Сабын керек.
  • Ал бәрі дайын бөпеміз Асылжанды әкеліңіз. Балалар, мен кішкентай Асылжанды шомылдырайын сендер маған көмектесіп, әр дене мүшелерін атап отырыңдар.
  • Мынау не?
  • Ол басы, шашы, беті, көзі, мұрны, аузы, құлағы, аяғы, саусқтары.
  • Ал санап көріңдерші қолдарында неше саусақ бар екен?
  • Бір,екі,үш,төрт……….он . Он саусақ бар.
  • Баланың шашы мен тырнағын алайық.
  • Жақсы баламызды шомылдырып болдық, енді денесін, қол-аяғын сылап, бәріміз бірге:

    Өс-өс балам, өс балам,

    Сұлу боп өс сымбатты.

    Саусағыңды жазайын,

    Аяғыңды созайын.

    Өс-өс,-деп бөпенің денесін ширатайық.

    Бесікті бала ұйықтағанда шошып-қорықпау үшін сіріңкемен аластаймын.

    (бесікті аластайды)

    «Алас-алас,пәледен алас,

    Иесі келеді,пәледен қаш!

    Алас-алас,пәледен алас

    Көзі жаманның көзінен алас

    Тілі жаманның тілінен алас,

    Отсыз омыртқасынан алас»

    -Балалар , қараңдаршы бесіктің де, төсеніштің де ортасы ойылып алып тасталған екен. Себебі сол жерде түбегі тұрады.  Ал мынау шүмегі, осы шүмек арқылы баланың  кіші дәреті түбекке құйылып, баланың денесі былғанбай таза болады.

  •  

  • Тәрбиеші: Балалар, айтыңдаршы мынау қандай заттар?
    • Мынау тарақ, айна.
    • Иә, бұл айна мен тарақты кішкентай бойжеткен қызымыз «әдемі болсын» деп , ал мынау не?
    • Иә, бұл пышақты бала шошымас үшін жастығының астына саламыз.
    • Келінжан Асылжанды әкел, бесігіне салайық ( Бесікке салуды көрсетеді)
    • Бөпеміздің ұйқысы тәтті болсын деп « Бесік жырын» айтайық:

    Әлди,әлди , ақ бөпем,

    Ақ бесікке жат бөпем.

    Жылама бөпем, жылама,

    Жілік шағып берейін

    Байқұтанның құйрығын,

    Жіпке тағып берейін

    Әлди,әлди бөпешім,

    Қозы жүні көкешім

    Жұрт сүймесе ,сүймесін

    Өзім сүйген бөпешім.

    • Бөпеміз ұйықтасын, бесікті тербетейін,ал сендер Асылжанға арнап тілектеріңді білдіріңдерші .Ол өскенде қандай болсын?( Балалар тілектерін білдіреді)
    • Өте жақсы ,өркендерің өссін!

    Әже:  Ал, балалар тойға келген соң құр келмеген боларсыңдар, өлең-тақпақтарың болса айта отырыңдар:

     Азамат:

    Қаз-қаз басқан сәбиім,

    Қалай бүгін жай күйің?!

    Неше қадам аттадың,

    Қуантып тұр қарқының.

    Қаз-қаз басқан бөбегім,

    Келші бермен бөбегім

    Қаз-қаз басқан қалпыңда

    « Арғымаққа кел мін де».

    Жания:

    Сүп-сүйкімді бөбегім,

    Сондай жақсы көремін.

    Сенсіз менің байлығым,

    Сенсің менің өлеңім.

    Ән. Зейін «Қазағымның дәстүрлері ай»

    Айназ:

    Бабаға қарап,киелі

    Баласы бас иеді.

    « Бала бауыр еті» деп

    Баласын ол сүйеді.

    Мұхамедәлі:

    Бала, бала, балақан,

    Қане қайсы алақан.

    Сағыныш:

    « Гүлім»  дейді анасы,

    « Гүл қыз» дейді ағасы.

    Әже: Өте жақсы, балаларым өркендерің өссін! Жақсы айттыңдар.

    Тәрбиеші: Әже біздің кішкентай қыздарымыз мың бұралып билеп берсін сізге. Қыздарымызды ортаға шақырайық.

    Би: «Ақ дастархан»

  • Әже: Біздің немерелеріміз шетінен өнерлі екен ғой. Өнерлерің өрге жүзсін, қарақтарым!

    Тәрбиеші: Әже, Шыңғысхан мен Айназдың айтысын да тамашалаңыз.

    Айтыс.

  •  

  • Тәрбиеші: Балалар, біз бүгін қандай тойға келдік?
    • Бесіктің қандай жабдықтарын білесіңдер?
    • Қандай дене мүшелерін білесіңдер?
    • Той сендерге ұнады ма?
    • Иә.
    • Балалар тойдың қызығы да аяқталды , енді әжемізден  бата сұрайық.

    Әже:

    Ас бергенге бас берсін,

    Өмірі ұзақ жас берсін

    Кетпес дәулет

    Кең пейіл берсін

    Ата-анасына мейірімді болсын

    Қатарының алды болсын

    Ырысты , нәсіпті болсын

    Еліне елеулі, халқына қалаулы болсын

    Әумин!

    Тәрбиеші: Әже батаңыз қабыл болсын! Ауырмай аман-есен жүре беріңіз.